40383 дахь зочин!
avatar

ҰЛЫ ӘКЕМ А.ҚОСБҮРКІТТІҢ СҮЙКТІ АТЫ ТУРАЛЫ ЖЫРЫ: ТЕҢБIЛ АТ

2012-05-11,14:31

ТеңбIл ат

 

Өлгейден ерте шықтым Тұлба жаққа,

Көңілсіз демалысқа ауыл жаққа,

Үйіне ағайындардың барайын деп,

Жазайын аз әңгіме қалам хатқа.

 

Жетуге Тұлба көлге көлік тиым,

Туыс жоқ туған елдің бәрі  жиын,

Дер кезінде жетер көлік табылар ма,

Қолда жоқтың сол кезде бәрі қиын.

 

Кез келді туған құдам Әлихан да,

Бір басын бағалаймын патша ханға,

Оқымай атасынан жас қалса да,

Желіп тұр қазақ  салтын  ғұрып  заңға.

Құдеке  жүрсің  бе сен  есен  аман,

Ала кет демалысқа  елге таман,

Демалыс  21 күн таяп кетті,

Поштаға сиыспадым  қалсам  жаман.

 

Құданың  мен отырдым  кабиніне,

Кез келіп сәті түсіп кеп ебіне.

Жүресіз демалысқа меніменен,

Құдеке осы қалай себебі не?

 

Әзілі Әли құда сондай күшті,

Сөз табу қапелімде қиын істі,

3-4 рет демалысқа жеткізіп ед,

Ойда түк жоқ сол өмір еске түсті.

 

Әлеке сіздей құда табылар ма?

Сөз таба алмай Қосекең  жаңылар ма?

Бар болса жақсы құдаң деген дейін,

Саған деген жақсы тілек таусылар ма.

 

Әзіл бітіп Әлекең түсті жолға,

Қала берді машиналар оң мен солда,

Болса да өзі ескі бір «жүз отыз»,

Соңына жаңаларды басып шаңға.

 

Туыс туған өмірде бір тамаша,

Бие байлап топ отыр ел оңаша,

Ақбоз үйлер тізіле тігіліпті,

Отырған көл жағалай шағалаша.

 

Суреттеп  туған  елді жаздым  хатқа,

Теңемен  сірә  сені  бөтен  жатқа,

Үйіне  Мұқай  ағам  келіп түстік,

Ат мініп кетейін деп ауыл жаққа.

 

Қарсы алды сәлемдесіп аға, жеңге,

Келмеуші ең осы үйге, келдің неге,

Жасымнан бұқпайламай еркін өскен,

Әзілдеп ойнай бердім өзімен де.

 

Ал, ағай көп отырма ат дайында,

Алдымен әдейі келдім мен қайынға,

Жайлауға атпен жүрер жұмысым бар,

Білдірдім атпен жүру мен жайымды.

 

Ағай айтты тумады бірі бие,

Бір бірден бала мініп болып ие,

Аттар кеткен қар суымен бәрі  жонда,

Белдеуде  кер бесті  тұр  заты бие.

 

Жануар  өзі  бедеу  аттан  мықты,

Өзі  жуас, биеден  жүйрік  шықты,

Білерсің  мінгеннен  соң  жүрістерін,

Сүліктей секіреді кең иықты.

 

Мақтауы  асып  кетті  кер  байталдың,

Ағайға рахмет деп сөз қайтардым,

«Жақсы бар» деп Әлидің қолын ұстап,

Өлеңмен құда сені  бір айтармын.

 

Тебіреніп, ерттеп мініп жолға түстім,

Жануар белі мықты, өзі күшті,

Қайқайып өзен өрлеп сырқыратып,

Теңбілім еріксіз сонда еске түсті.

 

Кер бесті шұлғи басты жүрген сайын,

Білдірді жылқымын деп маған жайын,

Теңбілдей сенім  сенде қайдан болсын,

Жасасқан қайран теңбіл өтті-ау айың.

 

Жүрісін кер бестінің кеттім ұмытып,

Сол кезде «асау қара» кеттім жұтып,

«Алманжол» шыға келдім тақтасына,

Ойға алып теңбілімді кеттім қыртып.

 

Ойыма сонда түсті бала шағым,

Білмеппін 50-ге кеп бұла шағым,

Қалмайды қартайғанша бір әдетім,

Шіриді-ау қандай жерге тіл мен жағым.

 

Қарадым көз жіберіп Тұлба өзен,

Шалқайып екі Жолсай, Жасыл кезең,

Жаз мысал қандай жақсы 7-шi айда,

Құлпырып жасыл пүліс жайып безең.

 

Әкем жүрген бір кезде құрбысымен,

Ер жігіт аман жүрсін тұрғысымен,

Айнадай жарқырайды Тұлба көлім,

Қотыр жон, Қара басты, Бұрғысынмен.

 

Талай жан бауырыңда мекен етті-ау,

Жақсы жаман талай кеп, талай кетті-ау,

Жігітпін деп кербайталмен мен де жүрмін,

Ақиық талай асыл өтіп кетті-ау.

 

Құлпырып Тұлба өзен жасылдады,

От болып кәрі жүрек басылмады,

Сөйле деп тоқтатпайды тіл көмекей,

Кер байтал жүремін деп асығады.

 

Асықпа кер байталым сен де тоқта,

Екеуіміз келесі жыл бар ма, жоқ па,

Теңбіл үшін мен бүгін сыр шертемін,

Жұлқынып ойды бұзып қолды тартпа.

 

Білмеппін теңбіл атым қадіріңді,

Жазықтай шабушы едің адырыңды,

Ауыздықты жұлқынғанда тартушы едім,

Көрсетіп қатты мінез, шадырымды.

 

Жаз жайлауда жүруші едім тоқтай мініп,

Сүмбідей жараушы едің оқтай тұнып,

Баптамай мінуші едім қызыл майлап,

Белдеуде көлденеңдеп көзің жұмып.

 

Жықпай-ақ екі алдыңды тағалаушы ем,

Шыңдардан таутекені сағалаушы ем,

Арқаң құтты қасиетті жануарым,

Басыңды алтын ділдә бағалаушы ем.

 

Сүрінбей қия беттен ептеуші едің,

Қайқайыс қия тастан өктеуші едің,

Бала-шаға оқыс келсе сол жағыңа,

Тентектікпен ешқашан теппеуші едің.

 

Кетуші ең топ көргенде ала қашып,

Тістеп ап ауыздықты бірге басып,

Адамдар сырттан көрген шынушы еді,

Ананы өлтірет деп асып сасып.

 

Төбеден тіке біткен қамыс құлақ,

Сал мойын, шелек танау, бөкен қабақ,

Айдынынан кейбір жан қорқушы еді,

Кездейсоқ міне алмаушы ед кейбір олақ.

 

Қадірің бүгін өтті қара атым-ай,

Баянсыз көрген түсше жараттым-ай,

Өлгейден ер көтеріп демалысқа,

Тәңірім кер байталға қараттым-ай.

 

Теңбілім сені жақсы көруші едім,

Сен үшін демалысқа келуші едім,

Кенеттен сен секіре ырғығанда,

Бір жасап сол күн жасқа толушы едім.

 

Көзге жылы теңбілдің шапқан жері,

Сорғалап  қолтығынан аққан тері,

Жас ортасы елуге келдік бүгін,

Болыппыз жастық шақта біз де сері.

 

Қосекең ыңыранды, күңіренді,

Мінбесін теңбіліне енді білді,

Кер байтал қолдан шықса кеткелі тұр,

Секитіп қос құлағын салып жынды.

 

Сыдыртып кер байталмен келдім Қаққа,

Көш күндік көрініп тұр теңбіл жақта,

Бір барып өлген жерін көрейін деп,

Басыңды шығарсам деп биік таққа.

 

Күн батып ұясына күлімдеді,

Кеш болып ешбір нәрсе көрінбеді,

Қасқа жүген, айшықты ері теңбілімнің,

Мазақтап сол жағымнан бұл кім деді.

 

Қанаты ер жігіттің мінген аты

Жігіт атын шығарар жүйрік аты,

Қыран құс, түзу мылтық, жақсы әйел,

Тапсырған ата-бабам аманаты.

 

Сұрама бүгін кешке кім болсаң да,

Адам емес албаты жын болсаң да,

Келсе де жасым елу, жүрегім от,

Сезбеспін бозбаладай, түн болсаң да.

 

Көрінді Кешуінті ауыл жағы,

Қайтпасын ер жігіттің берген бағы,

Жаман ағам, бажалар аман жүрсін,

Қолдап жүрсін шешемнің аруағы.

 

Салдыртып кер байталмен түстім үйге,

Есіктен ағам шықты әрбір күйде,

Білдіртпей асау лебін сәлемдесіп,

Өзінен бұрынырақ кірдім үйге.

 

Таңертең қайта міндім кер байталға,

Жігіт болсаң үлкенге сөз қайтарма,

Теңбілім екі жыл боп қалып еді,

Қу сүйек басын ұстап сөз айтарға.

 

Сәлем бердік жатырмысың теңбілім-ай,

Сені ойлап кеше, бүгін егілдім-ай,

Қалыпты біткен денең қу сүйек боп,

Көзден жас ерік бермей төгілдім-ай.

 

Көк жасаң, шалшық томпақ жатқан жерің,

Сұры боп ағарыпты сыртқы терің,

Жарасқан бір кездегі жабдықтарың,

Қасқа жүген алып келдім айшықты ерің.

 

Айтушы маған харам сенің етің,

Өзім жалғыз мен өстім әмбе жетім,

Еркелетіп сипаушы ем сауырыңды,

Пышақтай азу тісің екі шетің.

 

Туар ма мұнан былай сендей дүлдүл,

Айдынды тентек едің салпы ерін тіл,

Құнаныңнан әлпештеп ер салып ем,

Жолдас болдың менімен 18 жыл.

 

Сарсуды иықтағы үзуші едің,

Қақ жарып қандай топты бұзушы едің,

Шауып келе белдеуге байлағанда,

Көлденеңдеп үйге түспей тұрушы едің.

 

Мінгенше аял бермей ширық атып,

Шабыңнан көрмеп едім айыл тартып,

Қалшылдап жылқы жының ұстаушы еді,

Аузыңнан қан аралас көбік атып.

 

Теңбілім сөйлесетін тілің бар ма,

Терең су, салушы едім биік жарға,

Түсіріп көздің құртын талайлардың,

Жүруші ем жұлындырып дұшпандарға.

 

Сені мініп өзімше мақтанушы ем,

Зәрінен дұшпандардың сақтанушы ем,

Бір кезде пәле қаптап машина аунап,

Демалыста сені мініп шаттанушы ем.

 

Теңбілім сені жоқтап иең кепті,

Жырлауға сені бүгін ерні епті,

Қу басты алдына алып отырғанда,

Дәл сол сәт Теңбілі де тілге кепті.

 

Жүрмісің аман-есен құрметті ием,

Өлсем де қу сүйек боп сені сүйем,

Сен үшін мен хайуан жаралғанмын,

Кеше бүгін егілдің ғой мен де күйем.

 

Тілге кеп құрметті ием мен сөйледім,

Мені айтып кеше бүгін күй күйледің,

Үйіңді көшіргелі келгеніңде,

Көзіңмен өлгенімді бір көрмедің.

 

Құрт болып жүнім түспей ауырғаным,

Жүрмейсің деп қамшымен бауырладың,

Білмедің сол жыл менің сырқатымды,

Кетіріп бүйрегімді жауырладың.

 

Шөп жемей мен сілейіп тұрдым қарап,

Бос жүріп мен байлаусыз жүрдім жарап,

Атым деп қабағыма қарамадың,

Басымды үй үстіне сомдай санап.

 

Алланың салғанына амал бар ма,

Бауыздай сап тастады шалшық жарға,

Аймаққа кете бардың қарайламай,

Қазақ болдым қолынан пейілі тарға.

 

Сөзімді осы айтқан ием ұғар,

Мендей жылқы биеден талай туар,

Жақсы көрген жалғанда ием болсаң,

Басымды алдыңа алып тауға шығар.

 

Кешірдім құрметті ием көп отырма,

Басыңды мұнда тұрып көп қатырма,

Ат болар орнымдағы қара бесті,

Бас аты тұңғышыңның ол осында.

 

Теңбілдің қалды сонда сөзі тоқтап,

Алған едім теңбілді бұрын жоқтап,

Алдына ап кер байталға өңгергелі,

Құр басқа иең келді жанай жақтап.

 

Басты алып түзу тарттым «Кіндік тасқа»,

Аталарың азар жүрді-ау көзі жаста,

Немерем кейінгі ұрпақ айта жүрсін,

Ескерткіш қалдырайын кейін жасқа.

 

Иең сенің ойлап жүрген Кіндік тасты,

Жіберді-ау еріксізден көзден жасты,

Алқабын Көшкүндіктің күңірентіп,

Көтеріп өз көңілін әнге басты.

 

Әкемнің көшіп қонған жүрген жері,

Сыр жатыр ана тұрған Қақтың белі,

Мен неге басты өңгеріп мұңаямын,

Өңгерген менен бұрын Ақан сері.

 

Ән салып тарқатайын іште шерді,

Таныс боп талай ел мен талай жерді,

«Жаяудан шаң, жалғыздан шықпайды үн»,

Өлтірткен Ақан сері Құлагерді.

 

Ол-дағы Құлагерден басты өңгерген,

Балтамен жаулар шапқан көзі көрген,

Ән салып Құлагерін шырқағанда,

Табиғат тау, тасымен күңіренген.

 

Кешуінті мекендеген тасы десін,

Не досы, не дұшпаны бәрі біліп,

Немерем келешекте көріп жүрсін,

Ұлы әкем мұнда қойған басы десін.

 

Тоқталсын жүре бермей сия қалам,

Хайуан бір ат үшін болдым алаң,

Сыртың түкті болғанда ішің боқты,

Назарым ауған бүгін менің саған,

Жүрейік ер азамат аман-тәмам.

бичсэн: Umirbyek Sultanmurat төрөл: | (0) Сэтгэгдэл | найздаа илгээх

Сэтгэгдэл бичих
Сэтгэгдэл:




:-)
 
xaax